Жайық Кәгенұлы Бектұров – дарынды журналист, жазушы, аудармашы, зерттеуші, Жазушылар одағының мүшесі, Бүкілодақтық географиялық қоғамының толық мүшесі, Қарағанды қаласының құрметті азаматы.
Жайық Бектұров темір тордан да, қапастан да аман шығып, өмір тауқыметіне дес бермей А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердиев, М. Дулатов аталарымыз ақталсымен, Алаштың осы бір алыптарының сүбелі еңбектерін басқалардан бұрын халыққа танытып, "Орталық Қазақстан" газетіне бірінші болып жариялаған да Ж. Бектұров.
Жайық Бектұров облыстық жасөспірімдер кітапханасының тұрақты оқырманы жəне досы болды. Ол жастармен заманауи тақырыптарда сөз қозғап бірнеше бағытта ой бөлісіп, «Горизонт» әдеби ұйымының жас жазушыларымен өзара тәжірибе алмасып, ортақ мәселелерді талқылаған.
1992 жылы Ж. Бектұровтың 80 жылдық мерейтойын өткізу үшін құрылған комиссия, облыстық газет редакциялары, Қарағанды Жазушылары ұйымы, ғылыми ұйымдар, соғыс және ардагерлер ұйымы, облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашылары мен оқырмандары, жастардың интеллектуалды «БОТА» орталығының мүшелері Қарағанды облысының әкіміне Ж. Бектұровтың өзінің ыждахатымен жинаған мол кітапханасы мен архив қорларын орналастырып, осы рухани қазынаға лайықты арнаулы жеке үй беруді сұраған.
2001 жылдың 15 маусымында Қарағанды облысының мәдениет басқармасы «Ж. Бектұровтың мұражайын құру туралы» бұйрығын шығарды, сол жылдың 14 қыркүйегінде Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасына Ж.К. Бектұровтың есімі беріліп, кітапханада жазушының мемориалдық кабинет-мұражайы ашылды.
Жайық Кагенұлы Бектұровтың кабинет-мұражайы 2 залда орналасқан: бірінші залда жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына арналған мұражай жәдігерлері, ал оқу залында – Ж.Бектұровтың өмір бойы жинаған кітап қоры ұсынылып отыр.
Мұражай жәдігерлерінің көбісі – жазушының жеке заттары. Көрмеде хаттар, қолжазбалар, құжаттар, сыйлықтар, марапаттау қағаздары, 1992 жылдың мамыр айындағы Ж.К. Бектұровқа Халық депуттарының қалалық кеңесі тапсырған «Қарағанды қаласының құрметті азаматы» дипломы мен белгісі ұсынылған. Сөредегі сирек жәдігер – 1907 жылғы Құранның бірегей басылымы, оны Ж.К. Бектұровтың өзі фотосуретке қайтадан түсіріп, түптеген.
Мұражайда Ж. Бектұров кабинетінің бір бөлігінде жұмыс үстелі және оның керек–жарақтары, аудармалы күнтізбе, үстел шамы, телефон орнатылған. Жанында шағын жазу машинкасы, радиоқабылдағыш және қолжазбалар шкафы тұр. Қолжазбалардың саны 758 данаға жуық. Бұл – күнделік жазбалары, кітаптар мен мақалалар қолжазбалары, хаттар, ашық хаттар. Ж.К.Бектұров демалып жатқан софаның қасында журнал үстелі тұр, оның үстінде жазушының және оның үлкен ұлы Жәнібектің жақсы көретін ойыны – шахмат тұр.
Ж.Бектұров пәтерінен алынған кітап сөрелері көрме тәрізді безендірілді. Жазушының күнделікті өмірде пайдаланған заттары, шыныаяғы, күл сауыты, шағын радиоқабылдағыш қойылған. Мұнда Жайық Кагенұлының іс-сапарлардан алып келген, замандас-достарының, шәкірттерінің, оқырмандарының құрметпен сыйлаған сыйлықтары қойылған.
Жеке витриналар ішінде Ж.К. Бектұровтың киімі ілінген:
- Қазақ ою-өрнектерімен әшекейленген шапаны
- Күзгі пальтосы
- Қалпағы және мойын орамалы
- Костюмі
- Таяғы
Мұражай қорында жазушының отбасы, оның әріптестерінің фотосуреттері сақтаулы. "Достарының ортасында", "Ж. Бектұров жанұясымен" стендттерінде кейбір суреттері назарға ұсынылған.
Мұражайға келушілер қыл қалам шеберлерінің әр жылдары салған Ж. Бектұровтың портреттерімен таныса алады. Суретші, ҚазССР еңбегі сіңген өнер қайраткері М. М. Абылкасовтың салған портреті, Т.А.Кенесбаевтің линогравюрасы мен көмірмен салған суреті, А.Айтуаровтың кенеп, майлы бояумен салған портреті, П.Антоненконың салған портреті көрмеге қойылған. Мұражайдың көркем қоры 2012 жылы «Жайық мінген қайық" кітабының авторы М.Т. Әлиақпаровтың графикалық жұмыстармен толықтырылды.
Мұражайдың екінші залында оқу залы орналасқан. Оның кітап қорын 4212 дана басылымнан (оның ішінде 496 дана – қазақ тілінде) тұратын жазушының жеке кітапханасы құрайды. Жайық Кәгенұлы кiтап жинаумен бірге кiтап оқуға аса құмар едi. Әр кітапта қашан, қай жерде сатып алынғаны жазылған, жазушының қолы қойылған. Кітап беттерін ашып қарасаңыз белгі қойылған, сөздердің асты сызылған, өз пікірін, ойын жазып отырған. Жинақтамада сирек кездесетін және бағалы кітаптар көп: бұл 1947 жылға дейін шығарылған басылымдар, солардың ішінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде басылған таралымы аз кітаптар, сыйға берілген кітаптар, шағын басылымдар. Жайық Бектұров газеттердің қиындыларын сақтап, кітаптар ішінде жинап жүретін. Бұл мақалалар 200 жуық тақырыптық папка ішіне жүйеленіп жинақталды. Солардың ішінде: «Жайық Бектұровтың шығармалары»; «Өлеңдер, толғаулар, әңгімелер, балладалар»; «Орыс поэзиясының жарығы» (А.С. Пушкин); «Қазақ данышпаны-Абай»; «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» (Сәбит Мұқанов); «Шоқан Уәлиханов – көрнекті ағартушы-ғалым» және тағы басқалар. Осындай дерек көздерін пайдаланушыларға ыңғайлы етіп кітап қорының алфавиттік каталогы мен Ж.К. Бектұров мақалаларының картотекасы құрылды.
Ж. Бектұровтың шығармашылығын оқырмандарға насихаттауда кітапхана қызметкерлері жазушының мәнді де қызықты ғұмырындағы жайттарды бейнелейтін кітап сөрелері мен сурет көрмелерін ұйымдастырады. «Тағдыр тарихы – халық тарихы» атты еске алу көрмесінде оқырмандар назарына жазушының кітаптарын, мақалаларын, құжаттарын, фотосуреттерін және оның өмірі мен шығармашылығы жөніндегі материалдарын ұсынылған.
Ж. К. Бектұровтың мұражай-кабинетінде гуманитарлық оқу орындарының студенттері ғылыми жұмыстармен айналысып, Жайық Бектұровтың әдеби шығармашылығы мен тарихи ізденістеріне арналған дипломдық жұмыстарын қорғайды.
Студенттер, мектеп оқушылары, жас ғалымдар, Ж. Бектұровтың шығармашылығы мен әдеби мұрасына, өлкеміздің тарихына қызығушылық танытқан барлық оқырмандарды мұражайдың оқу залында асыға күтеміз!